Ауыз кілегейлі қабығының жұқпалы аурулар кезінде жарақаттануы
Дәрістің оқылу мақсатын негіздеу. Соңғы жылдары әртүрлі жұқпалы аурулардың, оның ішінде туберкулез, мерез сияқты өте қауіпті аурулардың үлес пайызы жоғарылауда. Оны өткен оқу жылындағы ҚазМУ студенттері мен оқытушылары арасында анықталған өкпе туберкулезімен ауру көрсеткіші дәлелдей алады. Адам иммунитеті төмендеуіне байланысты ауыз ішін жайлаған резидентті микробтардың да патогендік қасиеті жоғарылауда. Оған дәлел фузобактериялар мен ұршыққа ұқсас таяқшалардың үйлесімді тіршілік (симбиоз) белсенділігі нәтижесінде туындайтын ауыздың өліеттеніп-жаралана қабынуының (Венсан стоматитінің) жиірек кездесе бастауы. Болашақ дәрігер – стоматолог осы аурулардың жұғу жолдары, ауыз ішіндегі клиникалық ерекшеліктері туралы көбірек мәлімет білсе, бұл аурудың диагнозын ертерек нақтылауға және алдын – алу жолдарын іске асыруға үлкен үлес қосары шүбә келтірмеуге тиіс. Дәрістің жоспары: Жұқпалы аурулар туралы мәлімет және олардың жұғу жолдары; Ауыз кандидозы, этиологиясы мен патогенезі, клиникасы, диагнозын нақтылау, сараптамалы диагностикасы және емі; Туберкулез ауруы, этиологиясы, ауыз кілегейлі қабығын жарақаттайтын түрлері, диагнозын нақтылау, сараптамалы диагностикасы және емі; Мерез, этиологиясы мен патогенезі, аурудың жұғу жолдары, даму кезеңдері, клиникалық белгілері, сараптамалы диагностикасы және емі; Ауыздың өліеттеніп-жаралана қабынуы немесе Венсан стоматиті, этиологиясы мен патогенезі, клиникасы, сараптамалы диагностикасы және емі. Жұқпалы аурулардың алдын-алу шаралары.