Көшпелілердің киімдері. Ат әбзелдері мен ақинақ
Қазақтардың дәстүрлі киімі толығымен көшпелі өмір салтына бейімделген болған. Ерлердің киімі көйлек немесе жейдеден және шалбардан тұрған. Бейбіт уақытта жеңіл шыт және тоқыма маталар қолданылған. Ал жаугершілік заманда киім-кешек негізінен былғары мен болат сауыттардан құралған. Қыста қысқа күпілер киген. Өңделген қой немесе қасқыр мен түлкі терісінен, кейде бағалы аң терілерінен (кәмшаттың, бұлғынның) әр түрлі тондар киген. Жазда бастарына тақия немесе киіз қалпақ, қыста – тері мен елтіріден жасалған әр түрі бас киімдер (бөрік, тымақ, малақай, телпек) киген. Аяқ киімдері былғары етік (етік, мәсі), былғары аяқ киім (шарық, қалыш, кебіс). Қыста киіз байпақ және сыртынан биік саптама етік киетін болған. Әйелдердің киімі жасы мен мәртебесіне қарай әр түрлілігімен ерекшеленеді. Көйлектері ұзын, кең етекті болған, олардың астынан сол матадан тігілген шалбарлар киген. Көйлектің сыртынан жүн, сондай-ақ барқыт, қамқа, ши барқыт, жібек жеңсіз камзол мен бешпенттер киетін болған. Сыртқы киімдері кең шапан, ал қыста жеңіл күпі болған. Аяқ киімдері биік өкшелі нәзік сахтияннан пішілетін болған. Бас киімдері тақиялар, елтірі жиекті әр түрлі пішімді бас киімдер (бөрік, орамал) болған. Тұрмыстағы әйелдер кимешек киген – ол бетке арналған қимасы бар, басты, кеуде мен арқаны жауып тұратын ақ матадан тігілген жаулық. Кимешектің сыртынан әйелдер (әсіресе егде жастағы) орамалдың бір түрі – жаулық байлайтын болған. Кейде кимешектің орнына арқа мен иықты жауып тұратын үлкен орамал – сұлама орамал пайдаланылған. Көйлектің сыртынан немесе шалбармен бірге жас әйелдер оюмен өрнектеліп кестеленген кең етекті белдемше киген.